Жаналықтар

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты дөңгелек үстел өткізілді

Көкпекті ауданының №2 аудандық сотында Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға сот төрағасы, нарколог-дәрігерлер және Көкпекті аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Сот төрағасы Б.Қаджиақпаров өз сөзінде, ағымдағы жылдың 11 қаңтарда көліктегі, жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат берді. Аталған кодекстің 608-бабына (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) енгізілген өзгерістерге назар аударылды.
Бұдан басқа, куәландырылушының медициналық куәландыруден өту кезінде барлық құқықтарының сақталуына, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындыларымен келіспеген жағдайда олардың шағым жасау құқығының барына ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында сот төрағасы дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын медициналық куәландыру процедурасының ережелерін нақты ұстануына аударды.

Көкпекті ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметі