Жаналықтар

ҚАЛБАТАУДАН ШЫҢҒЫСҚА ӘН АСЫРҒАН

Хакім Абайдың есімі әрқашан қазақ халқымен қатар айтылады. Біз Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақ бойына ұлттық рух дарытамыз. Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз. Абай мұрасы біздің қастерлі қазынамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті

Қалбатау мен Шыңғыстау арасын ежелде аталарымыз түйелі керуенімен, атты шеруімен, өрістеткен отар-отар қойымен, жусатқан қос-қос жылқысымен жалғастырып, салқар көшпен байланыстырады екен.  Атақты  Қисық хан, Тана мырза мен аға сұлтан Құнанбай заманында ел арасындағы  құдандалы-жекжаттық ағайыншылық  үзілмеген бауыр елміз. Осы туыстықты аудан әкімдері Жарқынбек Байсабыров пен Асхат Смаилов жалғастыруда. 

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», - деп Абай атамыз айтқандай, достығымыз бен бауырластығымызды нығайту мақсатында Көкпекті ауданының мәдениет қызметкерлері аудан әкімі Асхат Смаиловтың тапсырмасымен Абай ауданына гастрольдық сапармен барып қайтты.
Бұл сапарға Шыңғыстау мен Абай елін, Мамай батырды асқан сүйіпеншілік, зор махаббатпен жырларына арқау еткен Қалихан ақынның атындағы Мәдениет үйі қызметкерлері асқан ыждағаттылықпен ұқыпты дайындалыпты. «Көркейген өлке Көкпектінің Абай еліне тағзымы» атты концерттік бағдарлама Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Абай ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Елдар Кәменұлы Оразалин жиылған қауымға шараның мақсатын айтып, көкпектілік қонақтарды таныстырды.
Концертке келген көрермен қауым Мәдениет үйінің фойесіне қойылған Көкпекті, Самар ауылдары өнер мектептерінің көрмесімен танысты. Көрмеге Көкпекті ауданның көне тарихын білдіретін таңбалы тастар бейнеленген картиналар қойылды.