Жаналықтар

Самарда абай рухы асқақтады

Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Көкпекті ауданы Самар ауылының орталық алаңы жөндеуден өтіп, онда данышпан ақынның ескерткіші орнатылды, биші субұрқақ ашылды. 

Абай шығармашылығы өткен және қазіргі уақыттың көрінісі болып табылады: оның сөздері өшпес, ал ұрпақтарына қалдырған мұрасы ха-лықтың жадында ұзақ ғасырлар бойы қалады. Абайдың атақты «Қара сөздері» атты туындысы әлемге әйгілі философтардың трактаттарымен иық тіресе тұра алатын қара сөздер жинағы ғаламның бірқатар тілдеріне аударылған. Бұнда этникалық қазақтардың тарихы, педагогикасы, мораль және құқығы мәселелері жан-жақты қарастырылған. Бүгінде бүкіл әлем қазақтай ұлт-тың ұлы перзентінің даналығына тәнті.


Ғұлама ойшыл, хакім Абайдың еңселі ескерткіші Самар ауылының төрінен бой көтерді. Абай ес-керткішінің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөй-леген аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаилов:
- Абай ескерткішінің ашылуы аудан тарихындағы маңызы зор оқиға. Ақынның өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысты. Бүгінде «Адам-заттың Абайы» атанып кеткен кемеңгер ақынның атындағы көшелер мен ескерткіштер елміздің түкпір-түкпірінде, тіпті әлемнің біраз қалаларында бар. Былтыр аудандағы ақсақалдар алқасымен кеңесе отырып, Самар ауылының ор-талық алаңы-на Абай атын беру туралы шешімге келгенбіз. Бүгін дана бабамыздың туған күні қарсаңында осы мақсатқа жеттік. Ескерткіштің ашылу салтанаты - өңіріміздегі тойлардың басы. Бұдан әрмен жастар арасындағы Абай оқуы жарысын, ертең халықаралық жігіт сұлтаны байқауын келіп тамашалаңыздар, - деді Асхат Сайдахметұлы.
Ал абайтанушы ғалым Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Омар Жәлел, абайтанушы, зерттеуші, ғалым, Асан Омаров, ардагер ұстаз, құрметті зейнеткер Гүлбану Байханова ұлы ақын шығармаларының мән-мазмұны, өміршеңдігі туралы салиқалы ой өрбітті.
Бұдан әрі С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасының доценті, абайтанушы Омар Жәлел сөз сөйледі. Ол Абайдың «Адам бол» атты адамгершілік кодексіне егжей-тегжейлі тоқталды. Қазіргі жастардың мәселелерін, олардың қоғамға пайда әкелмейтін, жан кеміргіші, ғасыр дерті саналатын жеке бас мүддесі хақында сөз қозғады.
- Абайтанудың ұлттық мектебін, ұлы Абай мұра етіп қалдырған «қара сөздің» мағынасын зерделеп түсінетін уақыт жетті. Абай еңбекқорлықпен қатар, адамның негізгі адамгершілік қасиеттерінің бірі - танымға, ғылымға деген ұмтылысы деп санайды. Абайдың өлеңдері, поэмалары мен қара сөздерінде еңбектің адамның өмірлік көзқарасын қалыптастырудағы маңызы зор екені айтылады, - деді абайтанушы ғалым.
Маңызды оқиғамен құттықтауды ғалым, зерттеуші, абайтанушы Омаров Асан жалғастыр-ды. – Абай өз халқына тілмен қатар, білім, тарих әкелді. Жаңа шындық, айналадағыларға жаңа көз-қарас тудырады, сондықтан Самар ауылында Ұлы Абай ескерткішінің бой көтеруі - маңызды оқиға. Абайдың сөзін жатқа оқу аз, сол тәліммен өмір сүру, әрекет ету керек. Осыған байланысты, мен үш жыл бойы ұлы ойшылдың еңбектерін зерттедім және кітаптарымды жаңартылған түрде түсіндірме мен пікірлерді келтіре отырып, басып шығардым, - деп атап өтті құрметті қонақ.