Жаналықтар

Медиация дау-дамайды шешеу жолы

Қазіргі әлемдік қауымдастықтағы заң саласының тәжіри­бе­сінде медиация дауларды реттейтін баламалы механизм ретінде үшінші бейтараптық позицияны ұстанып, дауласушылардың өзара еркін ымыраға келуі үшін барлық жағдайды жасайды және осының негізінде әділ шешім салтанат құрады.Осы медиация үдерісінде медиатордың өзін бейтарап ұстайтындығынан, сондай-ақ дауласушы­лар­дың еркінділік, құпиялылық пен өзара сыйластықтағы тең құқылы дәрежедегі ортақ бір келісімге келуінен медиация рөлінің маңызы артып отыр. Аталған талап шарттарының сақталуы нәтижесінде медиация дау-жанжалдарды ше­шу­ші ретіндегі құқықтық  мәртебеге ие.
Жалпы, Қазақстан Республикасында медиативтік қызметті реттейтін ҚР 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV «Медиация туралы» заңы бар. Аталған заң медиацияның дауларды (жанжалдарды) реттеуші екенін, сондай-ақ дауласушы тараптарға медиатордың (медиаторлардың) еркін жағдай жасауы нәтижесінде олардың өзара қолайлы шешім шығаруына толық мүмкіндік барлығын ұғындырады. Сонымен бірге, медиатор кәсіби және кәсіби емес есебінде «Медиация туралы» тиісінше заң талаптарына сәйкес, тараптарға медиация үдерістерін жүргізе алады. Осы заңның 9-бабына сәйкес, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор ретінде саналады. Бұл ретте аталған заңда көрсетілгендей, медиатор қызметі кәсіби және кәсіби емес негізде іске асырылатынын ескергеніміз жөн.

Осы жолдағы бірінші айтылған медиатор-жоғары білімі, жиыр­ма бес жасқа толған, Қазақ­стан Республикасы Үкіме­ті айқындайтын тәртіппен бекітілген медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификат) болуы және кәсіби медиаторлардың тізілімінде тіркелуі тиіс. Ал кәсіби емес медиаторлар қырық жасқа толуы және кәсіби емес медиаторлардың тізілімінде тіркелуі қажет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес, сотта бітімгерлік рәсім­дерін жүргізу кезінде судьялар медиаторлар қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады. Бастысы, тұрғындардың дау-жанжалдарға деген түсінігін өзгерту мәселесінде қазақстандық сот өндірісін жетілдіру үдерісіне медиацияны жаппай енгізу қажеттілігінің маңызы артып отыр.

Көкпекті ауданының № 2 аудандық сотының жетекші маманы С.Құдайберген