Жаналықтар

Жақия ұстаз есімі ұлықталды

Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерінің өсіп-өнуіне еңбегі сіңген азаматтарды ардақтау керектігі айтылған болатын. Осы бағдарлама аясында Көкпекті ауылындағы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте білім беру ісіне бар ғұмырын арнап, айшықты із қалдырған азамат, Қазақ ССР-іне Еңбек сіңірген қызметкер, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовтың есімін ұлағатталған шара өтті.

Жақия Шайжүнісовтың педагогикалық жолы – мейірім мен жанашырлықтың, қамқорлықтың, қайырымдылықтың, рақымшылдықтың, төзімділік пен сабырдың және балаға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің үлкен мектебі.
Балалар үйінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, «Қайтсем осыларды адам қатарына қосамын» - деген тілектегі адамгершілік парызын ғұмырына арқау еткен жан Жақия Шайжүнісов. Панасыздарды киімі бүтін, тамағы тоқ дәрежеге жеткізумен бірге, патриоттық, адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесімен баулып, олардың рухани дүниеден шет қалмауына күш-жігерін салды. Сол кездегі оқу мен еңбекті ұштастыра жүргізіп, жастық жалын мен азаматтық қасиетті қатар ұстаған Жақия Шайжүнісұлы түн ұйқысын бөліп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, панасыздарға аға орнына аға, әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білген. Осылайша, үлкен жүректің жылуы талай жанның бойында өмір отын маздатты. Аумалы-төкпелі заманда түрлі қиындықтардың салдарынан тағдырдың соққысына ұшыраған қамкөңіл жетімдермен ұзақ жылдар бойы тапжылмастан еткен үздіксіз де қажырлы еңбегі үшін Ж.Шайжүнісовке әуелі «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мұғалім», ал 1968 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Қазіргі таңда кезінде Жақия Шайжүнісұлының шарапатына бөленген, ел шаруашылығының сан саласына кірпіш болып қаланған түрлі ұлт өкілдерін құрайтын азаматтар мен азаматшалар жүздеп, мыңдап саналады. Ұстаздың жарқын бейнесі олардың санасынан ешқашан өшпек емес.

Көкпекті балалар үйін аймақтағы ең мәртебелі мекемеге айналдырып, өзі ұзақ жылдар басқарған мекемені Одақ көлеміне әйгілі еткен мерейлі ұстаздың алақанының жылуын сезініп, қамқорлығын көріп өскен шәкірттері оны сағына, аса бір сүйіспеншілікпен, мақтанышпен еске алады.
Биылғы жылы ауданымыздың мақтаны, ардақты ұстаз Жақия Шайжүнісовтың туғанына 105 жыл толды. Осыған орай Жақия Шайжүнісов білім ордасы атына сай, атағына лайық іс-шаралар өткізуде. Мектеп ұжымының айлық жоспарлары аясында бірнеше шаралар өтті. Атап айтатын болсақ, мұражайда Ж.Шайжүнісов туралы ақпараттар жинау, балалар үйінің Жақия Шайжүнісов қызмет еткен кездегі тәрбиеленушілерінің естеліктерін жинастыру жұмыстары, «Асыл бейне» атты ұстаз туралы фильмдер көрсетілімі және «Қалдырған ізің мәңгілік» атты аудандық мүшайра, 5-7 сынып оқушылары арасындағы ұстазға арналған сурет және қолөнер көрмесі мұғалімдер арасында аудан деңгейінде «Мың баланың әкесі» тақырыбында конференция, «Тұлғаңды арманыма ұстатқаның» атты ұстаздар туралы әндерден байқау ұйымдастырылды. Оқушылар арасында «Тоғызқұмалақтан», «шахматтан» турнир өтті.
Ұстаздың 105 жылдық мерейтойына арналған шара ағымдағы жылдың 6 мамыр күні «Ізгілікті өмір» атты салтанатты кеш және волейболдан аудандық ашық біріншілікпен қорытындыланды.
Бұл күні келген қонақтарды мектептің оқуда озат, талантты да талапты, спортшы балалары үлкен қошеметпен қарсы алды. «Той атымен тон тігіледі» демекші, ұлағатты ұстазды еске алу шарасында оның көзі тірісінде бірге еңбек етіп және де Жақия атамыздың бар ғұмыры өткен Қ.Раев атындағы балалар үйінде қызмет еткен азаматтар келіп кештің ажарын ашты. Көзкөрген, заманында әріптес болған кеш қонақтары Жақия ағамыздың жарқын жүзін, еңбек жолын еске алып, мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
Кештің құрметті қонақтары алдымен спорт залда өткен волейболдың ашылу турниріне қатысты. Ресми шара акт залында өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Акт залындағы мерекелік шарада балғындар ұстаз туралы ән-жырларын шырқады. Сондай-ақ, ұстаз туралы «Дом родной» кинофильмі көрсетілді.