Жаналықтар

Құрметті Көкпекті ауданының тұрғындары!

Көктем кезеңі басталысымен барлық ауыл шаруашылық алқаптарында тазалық жұмыстары жүргізіле бастайды. Осыған байланысты, келесі өрт қауіпсіздігі нормалары мен ережелері талаптарын сақтауды сұраймыз:

Шөптесін өсімдіктерді, аңыз қалдықтарын, сабандарды өртеу жұмыстарын (бұдан әрі – ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысы) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының (шаруашылықтарының) басшылары мынадай өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып жүргізеді:                              

1) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысын бастамас бұрын өз қызметкерлеріне, сондай-ақ осы іс-шараға қатысушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы, өрт сөндіру тәсілдері туралы нұсқаулық беру ұйымдастырылады;

2) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстарын жүргізу уақытында жауапты адамдар тағайындалады;

3) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстарын орман алқаптарына іргелес учаскелерде жүргізген жағдайда, жұмыстарды жүргізгенге дейін бір тәулік бұрын  орман иелеріне хабарланады;

4) ауыл шаруашылығы өртеу жұмыстарын жүргізу орындарында әр өрт сөндіру автоцистернасы немесе бейімделген техника, бір соқалы трактор, өрт сөндіргіштер, күректер есебінен өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған патрульдік бекеттер қойылады;                                                           

5) жұмыстар жүргізу алдында ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысының аумағы ені кемінде 8 метр жолақпен жыртылады және ауданы  25 гектардан аспайтын учаскелерге бөлінеді;

6) орман алқаптары, орман белгілері, егістікті қорғау жолақтары мен егістіктердің өртейтін учаскелеріне іргелес көгалдандырушы екпе ағаштар кемінде 8 метр етіп жыртылады;                                                                                    7) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстары желдің әсері 3 баллдан аспайтын (секундына 5 метр) болғанда, жыртылған учаскелерде жауапты адамдар мен жұмыскерлердің бақылауымен жүргізіледі;                         

8) жалынның тез таралуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығындағы өртеу желдің ық жағынан  басталады;

9) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысы аяқталғаннан кейін өртелген аумақтың периметрін  мұқият тексеру, барлық бықсу орындары мен жану ошақтарын анықтау және жою, ықтимал қайта жанудың алдын алу үшін 3 сағат ішінде күзет қою қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда көрсетілген өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау үшін ҚР ӘҚБК әкімшілік жауапкершілік көзделген.