Жаналықтар

Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы 30 желтоқсан күні жұмыс сапарымен Құлынжон ауылдық округінде болып, жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесті. Ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері қатысқан жергілікті қауымдастық отырысында ауылдың даму жоспары талқыланып, тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалды. Туған жердің ертеңгі күніне бейжай қарамайтын құлынжондық азаматтар бірқатар басым бағыттарды айқындап, өте маңызды мәселелерді көтерді.

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құнды-лықтардың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат Айдын Рахимбаевтай өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлей білсе деп тамсанамыз. Алтын бесік ауылын дамытуға өлшеусіз үлес қосып отырған жомарт жүректі жерлесіміз Айдын Рахимбаевтың қаржылай қолдауымен Құлынжонда соңғы жылдары қыруар шаруа атқарылды. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған Құлынжон ауылы бүгінгі күні қайнаған еңбектің және қайта жаңғырудың қайнар көзі іспетті.
Аудан әкімі жергілікті қауымдастық өкілдерін 2019 жылы округте атқарылатын жұмыстармен таныстырып өтті. Салық көздерінен түскен қаражат есебінен Құлынжон және Көкжыра ауылдарына арка орнату, Казнаковка орта мектебінің ауласындағы стадионды күрделі жөндеуден өткізу, Көкжыра ауылына шағын футбол алаңын салу, Құлынжонда балабақшаны іске қосу, ауылдың санитарлық тазалалық жұмыстарына қажетті техника бірліктерін сатып алу және тағы да басқа ауқымды шаралар қарастырылған.
Дәулетхан Қасымжанов, Алтынғазы Раканов, Самаркан Демесинов, Александр Воротников және Гүлнар Мұсаханова сынды қауымдастық өкілдері ойларын ортаға салып, жаңа бастамалар көтерді. Алдағы уақытта Құлынжон ауылына мамандарға қажетті жаңа тұрғын үй салу, мектеп аумағына жылыжай орнату, қатты қалдықтар полигонын талапқа сай етіп қайта жөндеу сынды орынды да маңызды ұсыныстар айтылды.
- Елді мекендердің еңсесін тіктеу, ауылдардың ажарын кіргізу – біздің басты міндетіміз, – деді аудан басшысы Асхат Сайдахметұлы отырысты қорытындылай келе.