Жаналықтар

Латын әліпбиіне көшу – жаһандану талабы

Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті, тағдыр шешті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Көкпекті ауданы мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпанындағы № 637 Жарлығына және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес республика бойынша жалпыхалықтық диктант өткізілді.

Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте өткен бұл шарада мемлекеттік қызметкерлер, бөлім басшылары, ауыл әкімдері аудандағы білім ордаларының ұстаздары, балабақша меңгерушілері, мектеп оқушылары қатысып жалпыхалықтық диктант жазды.

- Өткізіліп отырған іс-шараның негізгі мақсаты латын әліпбиіне көз үйрету, қол жаттықтыру болып табылады. Мемлекеттік қызметкерлер халықпен тікелей жұмыс істейтін азаматтар болғандықтан латын әліпбиін олардың бірінші кезекте меңгеруі маңызды, - деді мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры Балжан Нұржанқызы Үмітқажиева.

Бүгін қолдарына қалам алып, алғаш рет латын әліпбиінде диктант жазған-дардың арасында жастар да, орта жастан асқандар да бар. Олар үшін бірден жазып кету қиын болғанымен, жаңа графиканың өзіндік жеңіл тұстары да бар, - дейді қатысушылар.