Жаналықтар

Ауызын аққа кенелткен ақ адал малының амандығын тілеген шаруалар шабындық маусымының бір күнін шашау шығармай жұмысқа мығым кіріскен. Қыстаққа мал азығының мол қорын дайындау - қазір басты міндет. Ала жаздайғы аптап ыстық аз-ақ күнде шегініп, күздің кешкі салқыны мезгіл өзгеретіндігін сездіре бастады. Сонымен, күз де келеді. Бұл енді «балапанды санайтын уақыт». Не шаруа тындырылды? Ауыл тірлігі не болып жатыр? Қыр астындағы қысқа әзірліктің шамасы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде әңгімеміз өрбімек. 
Шабындық маусымындағы аудандағы шаруалар бүгінде еңбек майданының бел ортасында. Көкпекті аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас аграномы Жанат Көпесовтан білгеніміздей, осы жылы ауданда мал азығын дайындау бүгінгі уақытта шөптен 154 мың тонна, пішендемеден 10 мың тонна, сүрлемнен - 45 мың тонна, сабаннан – 5 мың тонна өнім алуды көздеп отыр. Шөп шабу науқаны басталысымен аудандағы барлық округтер шаруагерлеріне өздеріне тиесілі жерлерін белгілеп, маусым айының ортасынан шабындыққа шалғы түсірді. Көкжайық ауылдық округіне қарасты «Рустам» ШҚ жол түскенде, шөп шабу науқаны жалғасып, еңбек науқанын еңсеріп тастапты. 500 жүзден астам жылқысы, 200 мыңдай ірі қара малы бар, сондай-ақ, егін шаруашылығымен айналысатын «Рустам» шаруа қожалығы қысқа бек дайын. Бұл ауданымыздағы бетке ұстар үлкен шаруашылықтардың бірі.

 

ЕҢБЕККЕ ЕЛДІ БАСТАҒАН, ЖАНЫ ЖОМАРТ ЖАҚСЫ АДАМ
«Ер жігіт екі сөйлемейді» дегенді көп естиміз. Бірақ, «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, нарық заманында алыс-берістің ауылы кейбір азаматтардың қолына да, жолына да тұсау салғаны белгілі. Осы тұрғыда енжарлықтың қамытын еңбекке айырбастағандар да бар. Олардың болашағы жарқын. «Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, халыққа да шапағаттары тиіп жатыр. Сондай жомарт азаматтардың бірі алдына көмек сұрай барғанға «жоқ» дегенді айтпайтын, айтқан уәдесінде тұратын Ақойлық кәсіпкер Қайрат Советханұлы Дюсембаев жайлы және оның дөңгелетіп отырған кәсібі жайында айтпақшымыз.
Құс қанаты талатын қыран даланың ұландары да сертке берік, еліне серік болып туады емес пе?! Осы тұрғыда Қайрат Советханұлының туған жерге деген ықыласын жомарттығынан-ақ білуімізге болады. Ең бастысы, ол кісі қолында барын аямайды. Ақой ауылындағы орта мектептің спорт залына құны 500 мың теңге тұратын палуандардың кілемін сыйға тартқан болатын. Ежелден-ақ жетімі мен жесірін жылатпаған халық екенімізді үнемі айтып жүреміз. Қайрат сондай сауапты істің үнемі алдыңғы шебінде жүреді. Ауылдағы аз қамтылған және жартылай жетім балаларға көмегін көрсетіп келеді.
Қайраттың қожалық ашып, жұмыстануына ағасы Болат ақыл қосса, бауырлары Саят пен Қанат ең бірінші кезекте жәрдемшілері. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, ақойлық еңбекқор жігіттің туған жеріндегі шаруасы көпке үлгі боларлық. Сондай-ақ, өзінің туған ауылы Ақойға «Жаңаталап» тойханасын және ауылдастарының денсаулығын бірінші орынға қойған елжанды азамат медициналық бөлімшесін де сыйға тартты. Ауданымыздың негізгі бренді - мал шаруашылығы екені мәлім. Қазақтың төрт түлігін де жосылтып отырған азамат өзінің қарамағында жұмыс істейтін жұмысшыларының жағдайларын да бірінші орынға қояды. Халқымыз «Ер азаматтың мойнында қыл арқан шірімейді» дегендей, қандай істі қолына алса да, соны көтеріп, тұғырға шығаратын қасқыр жүректі, қыран сынды азаматтар барда елдің де, егемендіктің де ғұмыры ұзақ болары анық. Алшаңдап басқан атымтай жомарт кәсіпкерге еңбегің жансын дейміз!