Жаналықтар

Аудан әкімі Асхат Смаилов 2 тамыз күні жұмыс сапарымен Бастаушы және Көкжота ауылдарында болды. Бастаушы ауылындағы Абай атындағы орта мектептің ғимаратын аралап, оқушыларға алаңсыз білім алуға жағдай жасау мәселесі қарастырылды. Көкжота ауылында ұлттық ат спорты мектебін ашу бойынша сұрақтар талқыланды. Басты мақсат – ауданда ұлттық ат спортын дамытуды жолға қою.

Көкжотаның жігіттері көкпардан облыста үздік атанып, ұлттық ойынды кеңінен насихаттап жүргенін көпшілік жақсы біледі. Ендігі мақсат - ауыздығымен алысып, асау желмен жарысқан асыл жылқыны баптап, көкпарды өскелең ұрпаққа үйретіп, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу тағы басқа ұлттық спорт түрлерін дамыту. Жұмыс сапарының барысында бұл мәселелер кеңінен талқыланып, Көкжотада ат спорты мектебін ашу бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Осы бағыттағы жұмыстарды ширатып, жүйелі іс-қимыл қажет екендігі айтылды.

- Бұл бастаманың негізгі мақсаты - өскелең ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі ойындарды дамыту. Сонымен бірге, жас жеткіншектерді ата-бабаларымыз сынды білекті де жүректі, өр рухты азаматтар етіп тәрбиелеу. Кемеңгер Елбасы айтып өткендей «Мақсатқа жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруға тиіс». Ұлттық ат спорты мектебінің ашылуы ауданның барша тұрғындары үшін ерекше маңызы зор оқиға екеніне сенімдімін, - деді Асхат Сайдахметұлы.
Аудан басшысы осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып, алдағы уақытта Көкпекті ауылында да ұлттық ат спорты мектебін ашу туралы жоспарымен бөлісті. Көкпаршылар жетекшісі Қанат Биқатов, спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Болат Юсупов және Бастаушы ауылдық округінің әкімі Айнұр Отаршина қатысқан пікіралмасу барысында алдағы іс-қимыл барысы жобаланды.
Бастаушы ауылындағы мектептің жағдайы көптен бері елді мазалап жүрген мәселенің бірі екені белгілі. Аудан басшысы Абай атындағы мектептің ескі ғимаратында болып, апаттық жағдайын көзімен көрді. Қазіргі күні оқушылар білім алып жатқан ғимарат сыйымдылығы стандартқа сай келмейді. Осы түйінді сұрақты шешу үшін ауылда тұрған ескі балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу туралы тапсырма берілді.

Дархан БЕРДІБЕК