Жаналықтар

Казнаковка орта мектебінің 10 сынып оқушысы Елназ БақытбековаТүркияның Анталия қаласында «Art-Talant-Turkey» байқауына қатысып, осы жас әншілер байқауының бас жүлдегері атанды. 

13-16 шілде күні Түркияның оңтүстігінде Жерорта теңізінің жағасында орналасқан курортты Анталия қаласында жас орындаушылардың «Art – Talent – Turkey» халықаралық конкурсы өтті. Байқау түріктің жоғары оқу орының бірі Анталия туризм Академиясының қолдауымен болды. Өскеменде сәуір айында өткен тайжарыс байқауында І орынды жеңіп алған Елназға Анталия қаласына «Art – Talent – Turkey» халықаралық конкурсына қатысуға жолдама берілген болатын.
Республикалық «Тайжарыс» байқауына Түркия, Украина және Қазақстан мемлекеттерінен 100-ден аса үміткер қатысыпты. Ал біздің елімізден 21 өнерпаз Шығыс Қазақстан облысының атынан Елназ Бақытбекова қатысты. Жас талант бұл байқауда «Hallelujah» әнін ағылшын тілінде шырқап, орындаушылық шеберлігімен көрермен көңілінен шыға білді. Осы «Art – Talent – Turkey» байқауынан Елназға кубог және сертификат табысталды.

Елназдың Анталияға сапарына демеушілік көмек көрсеткен Құлынжон ауылының тумасы, «BI Croup»- холдинг компаниясының бас директоры жеке кәсіпкер Айдын Рахимбаев екенін айта кетуді жөн көрдік.
Ән айтуды кішкентайынан серік етіп, өнер жолына түскен Елназ Аманқызы әуелете ән салумен үш жасынан бастап әуестенді. Ал әртүрлі музыкалық байқауларға 10 жасынан бастап қатыса бастаған. Ол бала кезінен әншілігімен танылды.. Ұйымдастырылған мәдени шараларға үзбей қатысып, шеберлігін шыңдау үстінде. Елназдың анасы әрі музыкалық жетекшісі Менсара Қанғашова - аудан көлеміне танымал өнерпаз. Ән айтуға деген қызығушылығы ата-анасынан дарыған деуге болады. Елназдың әкесі де анасы да өнерге жақын жандар, олар өнерлі отбасы. Сондай-ақ, 2013 -2016 жылдары Елназдың ән байқауларына қатысуына сол кездегі мектеп директоры Ринат Қажиакперовтың да ықпалы тиген.
Елназдың жұлдызы жарқырай берсін, қоржыны әрқашан жүлдеге толы болсын! Еліміздің жас өнерпаздары көп болып, тәуелсіз жерімізде тек қуанышты да бақытты балалардың жарқын дауыстары әуелесін! Өнерде қанаты талмай, биік белесті бағындырып, үлкен сахналардан көрінуіне тілектеспіз.

Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ