Жаналықтар

17 шілде күні аудан әкімі Асхат Смаилов жұмыс сапарымен Көкжота, Құлынжон және Самар ауылдарына барды

Жұмыс сапарының барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, бақылауда тұрған тапсырмалардың орындалу барысымен танысты.

Көкжота ауылында Асхат Сайдахметұлы жаңадан салынып жатқан мешіт құрылысына арнайы ат басын бұрды. Ауыл азаматтарының бастамасымен көтеріліп жатқан имандылық үйінің құрылысын Көкжотаның үлкен-жасы түгелімен атқарып жатыр екен. Қабырғасы тұр-ғызылып, күмбезі салынып жатқан мешіт құрылысына көмектескен Мұрат Игіліков сынды жомарт азаматқа ауыл тұрғындары дән риза. Күзге дейін ауыл болып құрылысты аяқтап аламыз дейді көкжоталықтар.


Ұлттық ат спорты мектебін құру бойынша атқарылып жатқан шаралар сараланды. Аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әлия Тасқайратова, білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары, көкпаршылардың жетекшісі Қанат Биқатовтың қатысуымен атқарылуға тиісті шаралар туралы кеңес құрды. Көкжота орта мектебінің жаңа оқу жылына дайындығын көріп, көмір сақтау қоймасының құрылысымен танысты.
Құлынжон ауылында «Bi i group» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізілді. Құлынжон ауылының болашақ даму стратегиясы, көше жолдарын жөндеу, футбол алаңының құрылысы сынды сұрақтар талқыланды. Аудан басшысы Асхат Сайдахметұлы «Bi i group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаевқа туған жерін гүлдендіруге қосып отырған қомақты үлесі үшін барлық жерлестері, құлынжондықтардың алғысын жеткізуді сұрады.
«Кузьмич» ЖШС - бағалы балық түрлерін, жылыжай шаруашылығы, сонымен бірге құрама жем, биогумусты интеграциялық жүйе бойынша өндіру, туризмді дамыту бағытындағы бірегей жоба. Серіктестік директоры Владислав Гриценко аудан басшысына жобаның жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді. Асхат Сайдахметұлы бірегей жобаның сәтті жүзеге асырылуы мен толық қарқында жұмыс істеуі аудан экономикасы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Бассейнде өсіріліп жатқан бекіре, сазан, форель сынды асыл тұқымды балық түрлерін өсіру тиімді екенін дәл осы шаруашылық дәлелдеді. 2014 жылдан бері жұмысын жүргізіп отырған жобаның жалпы құны 70 миллион теңге. Күн қуатын жинайтын батереялар орнатылып, жылыжай да іске қосылған. Шаруашылық басшысы Владислав Гриценко жылдан жылға кеңейіп келе жатқан кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген маман екені көрініп тұр. Бүгінгі күннің өзінде шет елдерге жылына 90 тонна балық өнімін экспортқа шығаратын қуаттылыққа қол жеткізген. Алдағы уақытта әуесқой балықшыларға арналған демалыс орнын салып, тағы бір кәсіп көзін ашуды жоспарлап отыр.
Ауданға келген күннен бастап Асхат Сайдахметұлы үлкен көңіл бөліп отырған мәселенің бірі – мектепке дейінгі білім берумен қамтуды ұйымдастыру. Бұл тұрғыда бірқатар шаралар атқарылып, соның алғашқы жемісін де көріп отырмыз. Кейбір мектептерде қосымша шағын орталықтар ашылып жатса, Самар ауылында жаңа балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр. Жекеменшік балабақша 90 балаға арналған. Жергілікті азамат Оралхан Сеңгербаев аудан басшысына балабақша құрылысын таныстырды. Ісіне бекем жерлесіміз жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін ғимарат толық жөндеуден өтіп, қолданысқа беріледі деп сендірді.

Дархан БЕРДІБЕК