Жаналықтар

Қазақстанда мемлекеттік қызметтер көрсетудің проактивті принципіне өту кезеңі басталды

2017 жылғы 29 желтоқсанда бала тууға байланысты мемлекеттік қызметті проактивті тәсілмен ұсыну бойынша пилоттық жобасы іске қосылды.

Азаматтар мен мемлекет қарым-қатынасының жаңа нұсқасы болып табылатын бұл жобаға сәйкес мемлекет халықты олардың қажеттіліктерін алдын-ала юолжап, тиісті қызметтер және сервистермен дер кезінде қамтамасыз етеді.

Алғашқы кезеңде проактивті принцип адамның өмірге келуіне қатысты қызметтер бойынша жүзеге асырылды. Жаңа босанған анаға автоматты түрде оның сәбиіне беретін аты-жөні сұратылған хабарлама келеді. Басқа мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелерден жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Сондай-ақ, телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады.

Проактивті қызметке қол жеткізу үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. Ол үшін азаматтар порталдағы жеке кабинетінде телефон нөмірін жеке сәйкестендіру нөміріне байланыстырып қоюлары тиіс. Оны азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторын пайдаланып, қажет болған жағдайда оператордың кеңесіне жүгіну арқылы жасай алады.

Бүгінгі таңда 4 мыңдай әйелге SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, телефонның көмегімен бала тууды тіркеуге ұсыныс жасалды. Алайда тек әрбір 6-шы әйел ғана мұндай мүмкіндікті пайдаланған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қазақстандықтарды осы пилоттық жобаны талқылауға шақырады: сіздер проактивті қызмет көрсету жөніндегі ойларыңызды ортаға салып, шағым-ескертулер болса, ашық айтып, ұсыныс жасай аласыздар. Пікірлеріңізді мемлекеттік корпорацияның Facebook желісіндегі ресми парақшасында қалдыра аласыздар.